Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының ПД бастығы Жаңақорғанға жұмыс сапарымен барды

Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс әкімі Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында құқық қорғау органдары басшыларымен бірлесіп, аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Облыстық Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтің жеке қабылдауына 11 жергілікті тұрғын жазылды. Қабылдауға келген тұрғындар түрлі мәселелерімен, оның ішінде миграция, жекелеген қылмыстық істер бойынша және кадрлық сұрақтарымен жүгінді. Мәселен, жергілікті тұрғын аудандық полиция бөліміне қосымша штаттық бірліктер қосуды сұрады.

Облыстың бас сақшысы Жаңақорған аудандық полиция бөлімінде штат санының шектеулі екендігін, соған қарамастан бұл мәселені толығымен зерделеп, штат ашу мәселесін қарастыратынын жеткізді.


Департамент бастығы бүгінгі қабылдауға жазылған әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Сонан соң департамент бастығы аудандық полиция бөлімінің жұмысын тексеріп, жеке құраммен кездесті.

Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының алдына бірқатар маңызды міндет қойылды. Яғни, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы арқылы азаматтардың полицияға деген сенім деңгейін арттыру.

Департамент бастығы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесу барысында Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы жөнінде де сөз қозғады. Аталмыш жобаның үш стратегиялық бағыты бар: азаматтардың өмірі, денсаулығы, мүлкін қорғау деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру; полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымға айналдыру. Бұл тұжырымдамада “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатына сәйкес келетін қоғамның нақты сұраныстары да ескерілетін болады. Жалпы алғанда, бұл тұжырымдамада құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді тетіктері құрылмақ.


Жеке құраммен кездесу барысында Махсудхан Аблазимов ішкі істер министрлігі мен полиция департаменті басшылығының талабы – тәртіп пен заңдылық екендігін, оның қатаң сақталуына ерекше назар аударылатындығын баса айтты. Сонымен қатар ол жазғы демалыс кезіндегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың қатысуымен болатын оқыс оқиғалардың алдын алуды қатаң тапсырды.

Облыстың бас полицейі полиция қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Полиция қызметкерлерінің кезекті еңбек демалысына уақытылы шығуы, шендерді иеленуі, тұрғын үй жалдауға арналған төлемдермен қамтамасыз етілуі әрдайым басшылық назарында екендігі баса айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру