Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда Африка құрлығының 60-тан астам азаматы Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған

Алматыда Африка құрлығының 60-тан астам азаматы Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұндай мәліметтерді Алматы қаласының көші-қон қызметі бес айдың қорытындысы бойынша келтіріп отыр. Бөлімшенің мәліметінше, жыл басынан бері Африка елдерінің 64 азаматы ұсталды, оның ішінде 55 Нигерия, 5 Камерун, 2 Оңтүстік Африка және Кот-д’Ивуар мен Сьерра-Леоне бір-бір азаматы.

– Олардың 12-сі сот шешімімен Қазақстан Республикасынан шығарылды. Тәжірибе көрсеткендей, Африка құрлығы елдері азаматтарының көпшілігі Қазақстанға туристік, жұмыс немесе оқу визаларымен келеді. Алайда олардың біразы уақытында кетпей, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзып отыр. Айтпақшы, Алматыда өткен республикалық “Нелегал” іс-шарасы күндерінде шетелдіктерді шақырушы тарап қызметін атқарып, қонақтардың өз еліне дер кезінде кетуін қамтамасыз етпеген 5 фирма анықталды. Бұл заңды тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Тағы бір жеке кәсіпкер осындай заң бұзушылықтың қайталануына байланысты шетел азаматтарын шақыру лицензиясынан айырылды, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Сонымен қатар іс-шара күндерінде шетелдік жұмыс күшін қайта тартудың 2 дерегі анықталды және жолы кесілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру