Абай облысында оқ-дәріні заңсыз сақтаған тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Абай облысының тұрғыны әкесінен мұраға қалған оқ-дәріні сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкпекті ауданының 44 жастағы тұрғыны оқ-дәріні заңсыз сақтағаны үшін 6 айға бас бостандығынан шектелді. Зауытта жасалған және атуға жарамды автоматтың, қол пулеметінің және аңшылық мылтықтың оқ-дәрілері Б. есімді азаматтың үйін тінту кезінде табылды. Оның айтуынша, оқ-дәрі 15 жыл бұрын қайтыс болған әкесінен мұраға қалған.
Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі бойынша 6 айға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаға сотталды.
– Қазіргі уақытта бұл азамат Абай облысы Көкпекті ауданының пробация қызметінің есебіне қойылды. Онымен қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша профилактикалық сипаттағы әңгіме жүргізіледі. Сотталған адам жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзбайтынына сенеміз, ол түзу жолға түскісі келеді, – деп атап өтті Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Көкпекті аудандық пробация қызметінің инспекторы Ермеков Ернат.