Түркістан облысында жол апатына ұшыраған Toyota Alphard көлігінің жүргізушісіне қатысты тергеу басталды
Түркістан облысында жол апатына ұшыраған Toyota Alphard көлігінің жүргізушісіне қатысты тергеу басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 тамыз таңғы сағат 05:00 шамасында Шымкент – Самара тас жолының 58-шақырымында жол апаты болды. Оқиға орнына шыққан полицейлердің анықтауынша, Алматы қаласынан Қызылорда қаласына бет алған Армения нөмірлі Toyota Alphard автокөлігінің артқы дөңгелегі жарылып, жүргізуші рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен. Салдарынан 3 адам қайтыс болды (2 адам оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханада). Ал 3 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ тексеру барысында көліктің дөңгелегі қыс мезгіліне арналғаны, яғни жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны анықталды. Одан бөлек техникалық жағдайы төмен дегейде (ескі) болған. Оқыс оқиға орын алмас бұрын жүргізушіге Түркістан, Жамбыл облыстарының патрульдік полиция қызметкерлері жолда сақ болуын, жылдамдықты асырмауын, егер шаршаған жағдайда аялдап тынығып алуын ескерткені белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары басталды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.