Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицияның сервистік орталықтары ашылады

Алматыда полицияның сервистік орталықтары қалай жұмыс істейтіні талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Мұнда екі миллионнан астам адам тұрады. Халық санының жоғары тығыздығы экономикалық және әлеуметтік салаларға, сонымен қатар криминогендік ахуалға да әсер етеді. Ал мемлекет үшін басты басымдық – азаматтарға жақсы жағдай жасау, олардың денсаулығын, өмірі мен мүлкін қорғау.

Полиция жұмысының сервистік моделін енгізу шеңберінде Мемлекет басшысы Алматы қаласының сегіз ауданында сервистік орталықтар ашуды тапсырған болатын. Мұндай қадам полиция бөлімшелеріне түсетін ауыртпалықты азайтуға және олардың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір мегаполистің тұрғындары мен қонақтары әртүрлі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімдерінің жанындағы фронт-офистерге жүгінеді. Бұл келушілер үшін де, қызметкерлер үшін де ыңғайсыз. Себебі мұнда бейбіт тұрғындардан бөлек, қылмыс жасады деп танылған күдіктілер жеткізіліп, пробация есебінде тұрған сотталғандар да келеді. Еңбек мигранттарының да қарасы қалың.

Сонымен қатар полиция ғимараттары режимдік нысан болғандықтан азаматтар толық тексеруден өтуге мәжбүр, ұялы телефондары уақытша алынып, қызметкер бірге еріп-жүруі міндетті.

Президенттің сервистік орталықтар құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ІІМ және Алматы қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

– Аталмыш жобаның тұжырымы – «клиентке» бағдарлану. Бүгінде ІІМ бағалау индикаторларын өзгертіп жатыр. Сондықтан да қажетті жаңа тәсілдер азаматтарымыздың көңілінен шығуы тиіс, – деді министр Марат Ахметжанов.

Ведомство полиция қызметтерін көрсетудің үш деңгейлі моделін әзірледі.

Бірінші деңгей – модульдік бекеттер. Бұл «полиция қадамдық қол жетімділікте» қағидатын іске асырудың жарқын мысалы. Мұндай нысандар тәулік бойы көшедегі адамдардың қауіпсіздігі үшін жұмыс істейді.

Екінші деңгей – учаскелік полиция пункттері. Қазіргі уақытта ел бойынша 2700-ден астам пункт жұмыс істейді. Жаңа форматтағы үш нысан Астана, Павлодар және Ақтөбе қалаларында орналасқан. Олардың негізгі «клиенттері» шағынаудандардың тұрғындары болып табылады.

Үшінші деңгей – өтініш берушілер мен қызмет алушыларға арналған полицияның сервистік орталықтары.

Сервистік орталықтарда тегін 55 түрлі қызмет көрсетілетін болады. Полиция тарапынан көші-қон, әкімшілік заңнама және құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы мамандар орналастырылады. Бұдан басқа онда медиатор, заң қызметтерін көрсету жөніндегі консультант және психолог жұмыс істейтін болады. Әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтер ұсынылып, ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға және ІІО-ға жұмысқа қабылдау бойынша кеңестер беріледі.

Сервистік орталықтардың негізгі мақсаты – қоғаммен ашық диалог құрып, халықтың сұранысына жедел ден қою, қала тұрғындары мен қонақтарына кәсіби, білікті көмек көрсету.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру