Қызылордалық тұрғын тыйым салынған діни әдебиетті тасымалдағаны үшін жазаланды
Қызылордалық тұрғынға тыйым салынған діни әдебиетті тасымалдағаны үшін 250 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шараларды өткізу барысында Бішкек – Самара бағытындағы пойыз жолаушыларының бірінен Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни әдебиеттерді сақтау және тасымалдау фактісін анықтады.
Тексеру кезінде Қызылорда қаласының 21 жастағы тұрғыны белгілі болды. Дінтану сараптамасы діни әдебиеттің Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынғанын көрсетті.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 4-бөлігі (Қазақстан Республикасының аумағында бұқаралық ақпарат құралдарына жатпайтын өзге де өнімді сақтау, тасымалдау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс Меркі ауданының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Сот шешімімен аталған азаматқа 70 АЕК (241 500 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.