Қызылорда облысында ақтөбелік екі тұрғыннан 20 келіден астам есірткі тәркіленді
«Қарасора-2023» іс-шарасы барысында қызылордалық полицейлер есірткінің аса ірі партиясын тасымалдаған екі ақтөбелік тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қыркүйекте Самара – Шымкент тасжолында Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұсында Қызылорда ПД патрульдік полиция рота қызметкерлерімен жылдамдық режимін бұзған Nissan Maxima автокөлігі тоқтатылды.
Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан екі үлкен полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат 20 келі 143 грамм кептірілген марихуана екендігі нақтыланды.
Автокөлікті тізгіндеген 31 жастағы жүргізуші мен 30 жастағы жолаушысы Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.