Ақтөбе облысының полицейлері халықпен жол қауіпсіздігін арттыру мәселесін талқылады
Ақтөбе облысының полицейлері халықпен жол қауіпсіздігін арттыру мәселесін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда балалардың жолдардағы қауіпсіздігі мәселесі полицейлер тарапынан ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Соңғы 8 айда облыс жолдарында балалардың қатысуымен 89 жол-көлік оқиғасы болып, онда 104 бала жарақат алды, 11 бала қаза болды.
Жолдардағы апаттылықтың алдын алу, оның ішінде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жолын кесу мақсатында 13 қыркүйек күні Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері халықпен, мұғалімдермен, ірі кәсіпорындардың ұжымымен, оның ішінде жүргізушілерімен кездесіп, жол қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов жыл басынан бері жолдарда балалардың қатысуымен болған қайғылы жағдайлар мен оның себептері, балаларды тасымалдау алгоритмі, балаларды тасымалдайтын автокөліктерге қойылатын талаптар, аулалардағы қауіпсіздікті арттыру туралы баяндап, самокаттарды қолдану бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Полиция қызметкерлері жүргізушілер мен ата-аналарды жолдарда жауапты болуға, балаларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға, ересектердің өздері жолдардағы тәртібімен балаларына үлгі болу керектігін айтты.
Сонымен қатар, кездесуде полицейлер азаматтарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Қатысушыларды негізінен мектептердің жанына бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өтпелерін орнату, тұрақтар салу сынды сұрақтар толғандырды.
Шара соңында тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық қауіпсіздікті, оның ішінде балалардың қауіпсіздігін ынтымақтастықта қамтамасыз етуге шақырды.