ШҚО-да көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған жүргізуші есірткілік масаң күйде трактор айдаған
ШҚО-да көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған жүргізуші есірткілік масаң күйде трактор айдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығын Әл-Фараби көшесі бойынша патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері облыстың 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы JCB тракторын тоқтатқан.
Жүргізілген сараптама жүргізушінің есірткіге масаң күйде болғанын көрсеткен. Сондай-ақ оның 2022 жылы 4-сәуір сот шешімімен өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталған.
Қазіргі уақытта көлік құралы мамандандырылған тұраққа қойылды. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.