Алматыда ірі алаяқтықпен айналысқан курьерлер қолға түсті
Алматыда ірі алаяқтықпен айналысқан курьерлер қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдымен «Киберпол» қызметкерлері мен Медеу аудандық полиция қызметкерлерінің назарына ірі алаяқтық жасап, курьер болып жүрген 35 жастағы Д.есімді азаматша ілікті. Алаяқтар Алматы қаласының егде жастағы тұрғынын алдап, 25 мың доллар және 5 мың еуро ақшасын алып кеткен.
– Қаскөйлер әйелге телефон соғып, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, дәстүрлі сценарий бойынша әрекет етіп, оның қызының жол апатына ұшырағанын хабарлағаны белгілі болды. Олар жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеу үшін ірі көлемде ақша талап еткен. Зейнеткермен кездесуге бірінші болып курьер атын жамылған 35 жастағы Д.есімді азаматша келді. Оған әже сұраған соманың бір бөлігін берді. Біраз уақыттан кейін зейнеткерге тағы бір курьер – 23 жастағы М.есімді азамат келді. Ол әйелден 3 мың доллар және 5 мың еуро алған. Бұл күдіктіні жедел уәкілдер ұстады. Тінту кезінде одан тағы 3,5 миллион теңгеге жуық ақша табылды. Белгілі болғандай, ол дәл осындай алаяқтықтың құрбаны болған тағы бір зейнеткердің үйінен ақша алып кеткен. Айта кетейік, күдікті курьерлік қызметі үшін қомақты сыйақы алуды жоспарлаған. Алайда бұл ойы жүзеге аспады. Екі айыпталушы да ұсталып, қамауға алынды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Ұсталғандардың айтуынша, олар «жұмыс берушіме» интернет арқылы байланыста болған. Дәл осылай олар «тапсырыс» туралы ақпарат алып отырған. Қаскөйлер өздерінің іс-әрекеттерінің қылмыстық құрамы туралы білетіндерін мойындады. Тергеуді жаңылыстыру үшін олар жасанды шаш қолданып, сыртқы түрін өзгерткен. Алайда бұл әрекеттері сәтті аяқталмады.
Сонымен қатар полиция ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейтінін еске салды. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.