Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент тұрғыны такси жүргізушісінің смартфонын ұрлап, мобильді банкингтегі ақшасын құмар ойынға тіккен

Шымкент тұрғыны такси жүргізушісінің смартфонын ұрлап, мобильді банкингтегі ақшасын құмар ойынға тіккен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұрлық туралы хабарлама Тұран ауданының полициясына түсті. Белгілі болғандай, ер адам таксиді таңғы 5-те шақырған. Ескі танысы болып шыққан жүргізушімен ол жол бойы бұрынғы кездерді еске алып, әңгіме-дүкен құрып келеді. Жолаушыны белгіленген жеріне апарып тастаған таксист біраз уақыт өте телефонының жоқтығын байқап, полицияға шағымданған.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктіні қала аумағында ұстады. Ол смартфондағы онлайн-банкингтен бар ақшаны алып, құмар ойынға жұмсағаны анықталды.

Өзгенің 217 мың теңге қаражатын ұтылған азамат ары қарай дүкенге барып, сол банк қосымшасы арқылы бөліп-төлеуге тауар сатып алған. Кейін, құны 300 мың теңге тұратын гаджетті кездейсоқ сатып алушыға 20 мыңға сатып жіберген.

Полицейлер тергеп-тексеру барысында жайтқа қатысты барлық дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады.

Айыпталушы ҚК-нің 188-бабы 2-бөлімімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қатысты 1,5 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру