Атырауда әкімшілік тәртіппен ұсталғандармен психологтар жұмыс жүргізіп жатыр
Атырау облысы ПД әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орнында психолог кабинеті ашылды. Психолог-маман Ақмарал Шарипова ішімдікке салынған, ішкі апаттық жағдайларға тап болған және отбасылық жағдайы төмен адамдарға консультация беру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңес беру негізінен жеке және топтық сеанс болып екі кезеңде өткізіледі. Атырау облысы ПД әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орнында әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері әкімшілік қамауда отырған азаматтарға арналған психолог кабинеті жұмыс жасайды. Бұл жерде әрбір тұлға психологпен жеке кездесіп, сұрақ қоя алады. Қазіргі күні Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қоғамда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында Атырау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса Айтжанова облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп, әртүрлі бағытта іс-шаралар, семинар, тренингтер де өткізуде. Ал мұндай психологиялық кеңестер көп жағдайда отбасылық жанжалдың қатысушыларына қажет екені сөзсіз.
– Топтық сеанс өткізгенге қарағанда жеке өткізген тиімдірек. Себебі, жеке тұлға ретінде арнайы сұрақтарға жауап беру кезінде өзге адамдар алдында ашылу қиынға соғады. Психолог кабинетінің ашылуы әлеуметтік топтар үшін тиімдірек. Көп жағдайда психолог кабинетіне ер адамдар келеді. Олар бірнеше күн түрмеде немесе камерада жатып шыққан, үстерінен арыз жазылып уақытша қамауға алынған болғандықтан, олармен қарым-қатынас ұстау өте қиын болып келеді. Ашылып сөйлеспеуі, тұйықтығы және барлық нәрсеге бәрібір деп мән бермеу қарауы қиын. Жұмыстың аса қиындығына қарамастан жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, қабылдауға келген бір тұлға өз әйелімен араздасып қалғанын, сөйте тұра үйге бармас үшін уақытын осы жақта өткізгенін айтты. Содан кейін сол тұлғаның қатысуымен отбасылық құндылықтар тақырыбында өткен топтық сеанстан кейін ол бірнеше жыл ішімдікке салынып, отбасын бағаламағанына өкінетінін білдірді, – дейді психолог маман Ақмарал Шарипова.
– Атырау облысы ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық негіздері және оның алдын алу мәселелері” тақырыбында Атырау облысы полиция департаментінің 10 аға инспекторларына арналған семинар-тренинг өткізілген. Бүгінгі таңда 10 аға учаскелік инспекторлар осы бағытта жұмыстар атқаруда. Жалпы қазіргі қоғамда отбасындағы тұрмыстық-зорлық зомбылықтың алдын алу бағытында бірлескен іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, өткізіледі, – дейді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса Айтжанова.
Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106, 107, 110, 115-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.