Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО тұрғындары алаяқтарға 20 млн теңгеге алданып қалды

БҚО тұрғындары алаяқтарға 20 миллион теңгеге алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алаяқтардан сақ болу бағытында қаншама ескертулер берілсе де олардан жапа шеккендердің саны толастар емес. Тек үш-ақ күннің ішінде алаяқтар Батыс Қазақстан облысы тұрғындарын 20 миллион теңгеге жуық алдап соққан.

Жалпы тіркелген 8 алаяқтық фактісінің бірінде егде жастағы әйелге хабарласып туысқанын қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 5 миллион теңге көлемінде ақша сұраса, келесі жағдайда 30 жастағы әйелдің барлық жеке деректерін біліп алып, оның атынан 3 миллион теңгеге несие рәсімдеген. Аталған фактілер бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін төмендегі қарапайым ережелерді сақтау қажет: алаяқтар қалалық телефондарға қоңырау шалып, өздерін құқыққорғау органдарының немесе медицина қызметкерлері ретінде таныстырып, тумаларыңыз жол-көлік оқиғасына қатысы барын сылтаулатып аталған мәселелерді шешу үшін, яғни жол-көлік оқиғасына қатысушыларға шұғыл ақылы операция жасау немесе оларды қылмыстық жауапкершіліктен немесе әкімшілік жауапкершіліктен жалтарту мәселесін шұғыл түрде шешу үшін жалған тұлғалар немесе такси жүргізушілері арқылы қолма-қол ақша беріп жіберуіңізді сұрайды.

Сөйлесу кезінде олар сіздің туыстарыңызбен байланыстыруы да мүмкін, олар сізден ақша аударуды өтінуі мүмкін. Мұндай жағдайларда сіз олармен байланысты дереу доғарып, алаяқтар айтқан туыстарыңызға қайта қоңырау шалуыңыз керек, ал егер сіз оларға хабарласа алмасаңыз, осы факт бойынша «102» операторына, яғни полицияға хабарласуыңыз керек. Қандай жағдай болсада сіз бейтаныс адамдарға ақша бермеуіңіз тиіс.

Бұл ақпараттар тұрғындарға, соның ішінде әлеуметтік желілерге қосыла алмайтын егде адамдарға жеткізілуі тиіс, яғни балалары алаяқтықтың осындай фактілері туралы оларды хабардар етуі тиіс.

Полиция департаменті алаяқтарға курьер ретінде көмектесетін адамдарға заңсыз әрекеттері үшін алаяқтық жасаушыларға көмек ретінде қарастырылатыны жөнінде ескертеді.Өздеріңізге белгілі, осыдан бір-екі күн бұрын алаяқтарға бірнеше мәрте көмек көрсеткен курьер ұсталды. Бұл адам қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар, алаяқтар мобильді құрылғыларға қоңырау шалып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, банктік шоттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мобильдік құрылғыларыңызға қосымшаларды жүктеуді өтініп, келіп түскен кодты оларға айтуды сұрайды. Дәл осындай жағдайларда сіз олармен байланысты тоқтатуыңыз керек және қажет болған жағдайда банктің ресми байланыс орталығына немесе полицияға хабарласа аласыз.

Сіздерден онлайн сатып алу кезінде сақ болуды, яғни күмәнді сатушылармен мәміле жасамауыңызды сұраймыз.

Қажет болған жағдайда, көрсетілген 92-19-06; 8-771-249-57-59 телефон нөмірлері бойынша Орал қаласының Киберполициясына хабарласа аласыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру