Шымкенттің бас полицейі мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне көз жеткізді
Шымкенттің бас полицейі мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне көз жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтің бастамасымен шаһардың халық қалаулылары, яғни мәслихат депутаттарымен О.Жолдасбеков атындағы №9 IT білім ордасындағы мектеп әкімшілігі мен оқушылар кездесті.
Кездесу барысында бас полицей мектептегі бейнебақылау камералары мен «SOS» дабыл түймесінің нақты уақыт режимінде жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізді. Сондай-ақ мәжіліс залында оқушылармен және мектеп ұжымымен кездесу өткізіп, балалардың қауіпсіздігі мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып отырғанын жеткізді.
Бұған қоса, қоғамдағы жастар арасында белең алған есірткі қылмысы туралы және оған қарсы атқарылып жатқан ауқымды шаралар туралы сөз қозғады. Жасөспірімдердің қатысуымен болып жатқан жол-көлік оқиғаларын да назардан тыс қалдырмады.
Мемлекет басшысының өз Жолдауында адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасатынын, жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге қоғам болып жауапты екенімізді айтып өтті. Сәйкесінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан аулақ болуға, бос уақытын пайдалы өткізуге және өнер, білім мен спортқа жақын болуға шақырды.
Осы жиында оқуда ерекше көзге түскен әрі белсенділік танытып жүрген оқушыларға арнайы алғысын білдіріп, оларды ынталандыру мақсатында алғыс хаттар табысталды.
Мектеп оқушылары қаланың бас тәртіп сақшысына көкейдегі сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды.
Жиын барысында мәслихат депутаттары да сөз алып, қала тұрғындарының үштен бірін жастар құрайтынын және олардың болашағы жарқын, келешегі кемел болуына тілектес екенін білдіріп, ағалық ақыл-кеңестерін айтты.
Департамент бастығының бастамасымен қолға алынған бұл іс-шара алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын табады.