Елорда тұрғыны ұрланған контейнерді сатып жіберген
Елорда тұрғыны ұрланған контейнерді сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық кәсіпорындардың бірінің қызметкері полицияға белгісіз біреудің цех ғимаратынан салмағы 20 тонналық контейнер мен жүк тиегішті ұрлап, шамамен 6 миллион теңге материалдық шығын келтіргені туралы арыз жазған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері аталған кәсіпорында жұмыс істеген 37 жастағы ер адамды ұрлық ісіне күдікті деп құрықтаған.
Белгілі болғандай аталған шеберхананың жұмыскері сол маңдағы контейнерді сатуды алдын ала жоспарлаған болып шықты. Ол үй-жайда бейтаныс адам болмайтын сәтті пайдаланып, сатып алушылармен алдын ала келісіп, контейнерді сатып жіберген. Оңай жолмен қомақты сомаға кенелген күдікті алған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ер адам кінәсін мойындап, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.