Қызылорда облысында есірткі тасымалдаған түркістандық азамат сотталды
Қызылорда облысында есірткі тасымалдаған түркістандық азамат сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласының тұрғыны қалааралық такси қызметі арқылы Астана қаласына Huyndai elantra автокөлігімен жолға шыққан. Қызылорда – Павлодар тасжолының бойында такси жүргізушісін полиция қызметкерлері тоқтатып, көлікті қызметтік иттің көмегімен тексереді.
Тексеру барысында көліктің жүксалғышындағы сөмкенің ішінен 150 сіріңке қорабына салынған марихуана шықса, алдыңғы жолаушы орындығының астынан тағы 4 қорап табылған. Табылған заттың салмағы 1келі 14 граммды құраған. Тергеу іс-шараларын жүргізу барысында такси жүргізушісінде табылған «жүкті» Түркістан қаласының тұрғыны Астанаға жеткізу үшін сәлемдеме ретінде жібергені анықталды. Сәлемдеме жіберуші ұсталды.
Қызылорда соты ұсталған адамды ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны он екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.