Жамбыл облысында мас жолаушы пойыздан түсірілді
Жамбыл облысында мас жолаушы пойыздан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана – Шымкент бағытындағы жолаушылар пойызы Шу станциясына келгеннен кейін желілік полиция бөлімінің қызметкерлері масаң жолаушыны акт бойынша пойыздан түсірді.
– Тексеру барысында көлік полицейлері Түркістан облысының 34 жастағы тұрғынын анықтады. Ол қоғамдық орында масаң күйде болған және түнгі уақытта жолаушылардың тыныштығын бұзған, – деді көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу), 437-бабының 2-бөлігі (Тыныштықты бұзу) бойынша бірден екі әкімшілік хаттама толтырылып, оған 15 АЕК (51 750 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.
– Айта кету керек, аталған азаматша бұған дейін тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын, – деді полиция полковнигі.