Шымкентте заңсыз айналымнан 137 келі есірткі тәркіленді
Шымкентте заңсыз айналымнан 137 келі есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қалалық ПД бастығының орынбасары Арман Бейсенбаевтің айтуынша, есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері есірткімен байланысты 506 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 137 келі есірткі заттары, оның ішінде 15 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Арман Бейсенбаев есірткі сатумен байланысты қылмыстың тең жартысы интернет арқылы жасалатынын және онымен айналысатындардың 80 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтар екенін айтты.Осыған байланысты ол жастарды интернет желісіндегі жоғары жалақы мен 3-4 сағаттық жұмыс ұсынатын жарнамаларға алданып қалмауға шақырды. Мұндай ұсыныстардың артында есірткі жеткізуші (курьер), есірткі қойып кетуші (закладчик) және есірткі өткізуші сияқты аса ауыр қылмысқа итермелейтін қызметтер тұрғанын ашып айтты.
Сәйкесінше, мұндай қылмыс жасағаны үшін заңда 10-12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті. Ал оқу орындарында есірткі сатып ұсталған жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін жеткізді. Яғни, жеңіл жолмен келген ақша темір тордың ар жағынан бір-ақ шығаратынын еске салды. Сондықтан ата-аналарды балаларының тәрбиесіне, жүріс-тұрысына мұқият мән беруге, ал жастарды жеңіл табыс табу жолдарынан аулақ болуға, адал еңбек етуге шақырды.