Ақтөбелік полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамауға шақырды
Ақтөбелік полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамауға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» республикалық акциясы өтіп жатыр. Шара барысында ақтөбелік полицейлер мүдделі мекемелер мен жұртшылықты тарта отырып, отбасындағы зорлық-зомбылықтардың алдын алу мен жолын кесу, өмірлік қиын жағдайда қалғандарға қол ұшын беру, ана мен баланы қорғау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді.
– Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары оған отбасылық мәселе ретінде қарайды, «ұят болады» деп ешкімге айтпауға тырысады. Агрессордың қорлау, күш қолдану сияқты әрекеттеріне үнсіз көнеді. Бұдан тек өзі ғана емес, ортақ балалары да зардап шегеді. Жақындары да олардың бұл отбасылық мәселелерін біле тұра араласпауға тырысады, ал бұл жағдай қайғылы салдарға әкеліп жатады, – дейді Ақтөбе облысы ПД әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ақгүл Қасанғалиева.
Тіпті, ажырасып кеткеннен кейін де, бұрынғы жұбайына қатысты агрессорлық әрекеттерін тоқтатпайтындар кездеседі.
Жуырда «111» жедел телефонына Ақтөбе қаласындағы ауылдардың бірінің 38 жастағы тұрғыны бұрынғы жұбайының өзіне қатысты заңсыз әрекеттері туралы хабарлады. Ажырасқанына бірнеше жыл өткеніне қарамастан, бұрыңғы жұбайы жүйелі түрде, әсіресе, түнгі мезгілдерде алкогольдік мас күйде оның үйіне келіп, тиісу, мазалауын тоқтатпаған. Бұрынғы жұбайлардың ортақ кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлерімен бірнеше әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды, қорғау нұсқамасы шығарылып, бақылауға алынды.
– Егер Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз немесе ана мен балаға қауіп төнгенін байқасаңыз, бейжай қалмаңыз, дереу «102», «111» немесе «150» нөмірін теріңіз. Біз қиын жағдайдағы жандарға қол үшін беруге, жан-жақты қолдау мен көмек көрсетуге әрдайым дайынбыз, – деді Ақгүл Қасанғалиева.