Қостанай полицейлері әлеуметтік желіде заңсыз діни материалдарды таратқан ер адамды анықтады
Қостанай полицейлері әлеуметтік желіде заңсыз діни материалдарды таратқан ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығының 47 жастағы тұрғыны өзінің Вконтакте парақшасында дінбасы өкілдерінің бейнероликтерін ашық жариялаған.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында діни сипаттағы жарияланымдардың таралу дерегін Қостанай облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері анықтады.
Қостанайлыққа қатысты полиция ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғады.
– Осы құқық бұзушылықты жасағаны үшін ер адамға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл осы жылдың басынан бері анықталған 14-ші дерек, – деп атап өтті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Сембин.
Полиция департаменті азаматтарға діни қызмет саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салады.