Петропавлдағы құрылыс объектісі мен базарлардың бірінде заңсыз еңбек мигранттары анықталды
Петропавлдағы құрылыс объектісі мен базарлардың бірінде заңсыз еңбек мигранттары анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлдағы құрылыс объектілерінің бірінде шетелдіктердің еңбек күшін заңсыз пайдаланып келген. Полицейлер Өзбекстан елінің үш азаматын анықтады. Олардың еңбек етуге рұқсат беретін тиісті құжаттары болмаған.
Шетелдіктерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша материал жиналды. Тәртіп сақшылары Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің тағы екі азаматын базарлардың бірінде анықтады. Бұған көз жұма қараған жұмыс берушілер де ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Аталған бұзушылықтар 20 қарашада басталған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Оның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту. Өткізіліп жатқан іс-шара кезінде құрылыс алаңдары, базарлар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тексеріледі. Өйткені бұл орындарда шетелдіктер күші заңсыз пайдаланылуы мүмкін. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 21 шетелдік және олардың еңбек күшін заңсыз пайдаланған еліміздің 11 азаматы жауапкершілікке тартылды, – дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермен Нұсұрбаев.
Жыл басынан облыс аумағында Қазақстан Республикасында болу ережелерін 844 шетелдік азамат бұзды. 55 жағдайда шетелдік жұмыс күші заңсыз пайдаланылған.