Елордалық сақшылар көші-қон заңнамасын бұзған бірқатар азаматтарды ұстады
Елордалық сақшылар көші-қон заңнамасын бұзған бірқатар азаматтарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Есіл аудандық көші-қон қызметінің қызметкерлері тазалық (клининг) мекемесінде жұмыс істейтін азаматтардың заң бұзушылықтарға жол бергенін анықтаған.
Компанияда жұмыс істеген Филиппин Республикасының сегіз азаматының үшеуі көші-қон заңнамасын бұзғаны белгілі болған. Екі шетелдік әйел Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз еңбек қызметімен айналысқан. Аталған азаматтар виза бойынша Алматы қаласында жұмыс істеуі керек болса, олар Астана қаласында жұмысын жалғастырған.
Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша 10 тәулікке дейін қамауға алу немесе Қазақстаннан шығарып жіберу қаупі бар әкімшілік іс қозғалды.
Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ бір азамат ПД-нің қабылдап-тарату орнына орналастырылды.
Шетел азаматтары заңсыз жұмыс істеген жұмыс берушінің кәсіпорны Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік күштерді тартқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.