Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғынына жоғалған жылқыларын тауып берді
Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғынына 6 млн теңге тұратын жоғалған жылқыларын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жоғалған жылқыларын 4 күн бойы іздеп таба алмаған ер адам хабарласып, көмек сұрайды. Оның айтуынша, сол кезде күн суытып, жайылымдық жерден бос жайылып жүрген 9 бас жылқысы ұшты-күйлі жоқ болған. Шығын көлемі шамамен 6 миллион теңге.
Тұрғынның айтуымен полиция қызметкерлері жылқыларды жедел іздестіруге кірісті. Егістік алқаптар мен жайылымдық жерлерден іздеді. Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бір тәулікте жоғалған жылқылар 10 шақырым қашықтықта орналасқан Өргебас ауылына қарасты егістік алқапта жайылып жүрген жерінен тауып берді. Тәртіп сақшылары жоғалған жылқыларды өз иесіне табыстады.
Белгілі болғандай, ауа райының қолайсыздығынан жылқылар бағытынан адасып кеткен.
Өз кезегінде жергілікті тұрғын 9 бас жылқысын тауып берген полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.