Атырау облысында өткен жылы есірткіге қарсы 671 нысаналы іс-шаралар өткізілді
Атырау облысында өткен жылы есірткіге қарсы 671 нысаналы іс-шаралар өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі қоғамда көзге көрінбей іштей үлкен әлекке салып, айықпас аурудың, адамзатқа кесірі мықты кеселдің бірі — ол өрімдей жасөспірімдердің есірткінің құрбанына айналуы. Есірткінің адам ағзасына тигізер зияны мен өміріне әкелер зардабы қанша жазылып та, айтылып та жүргенімен, есірткі тұтынушылардың саны азаяр емес. Есірткіге тәуелділіктің соңы қылмысқа апарып соғады. Өйткені алғашқыда тегін болған дүние, кейін ақшаны талап етеді. Ал, оңай ақша табудың жолы қылмысқа әкеліп соғады.
Бүгінде қоғамда кең таралған синтетикалық есірткінің алдын алу мақсатында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылы есірткіге қарсы 671 нысаналы іс-шаралар өткізген. Сонымен қатар есірткі және психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын контенті бар 108 сайт пен басқа ресурстар бұғатталды.
Бүгінгі күні есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестерді заңсыз өткізіп, дайындағаны және тасымалдағаны, сондай-ақ сақтағаны үшін 19 бен 40 жас аралығындағы 33 азаматша сот үкімімен 5 жылдан 19 жыл мерзімінде темір абақтыда қылмыстың жазасын өтеп жатыр.