Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полиция өзге облыстан келіп, есірткі сатпақ болған күдіктіні құрықтады

Қарағандылық полицейлер өзге облыстан қала орталығына келіп, есірткі сатпақ болған күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қала орталығынан аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен 25 жастағы талдықорғандық азаматты ұстады. Ұсталған азаматқа жүргізілген тінту жұмыстары барысында одан ұнтақ тәрізді 30 орам зат тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың жалпы салмағы 22 грамм синтетикалық психотроптық зат екені белгілі болды. 

Жауап алу барысында күдікті Алматы облысының аумағында есірткі және психотроптық заттарды сатумен айналысқанын мойындады. Сондай-ақ оның қаңтар айының басында Қарағанды қаласына есірткіні жасыру арқылы таратуға келгені анықталды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды. Қазіргі уақытта тиісті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру