Қарағандылық полицейлер азаматты құтқарып қалды
Қарағандыда аспалы көпірден секірмекші болған азаматты полицейлер құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айының 28 нен 29 қараған түні Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің взвод командирі Ержігіт Серіков, қызмет инспекторлары Нұржан Рахатов және Әліби Қабиев қала орталығында қызмет атқарды. Тәртіп сақшылары өздеріне белгіленген аумақта таңғы сағат 5:00 шамасында қызмет атқару кезінде оларға Жедел басқару орталығынан Гоголь көшесіндегі аспалы көпірде белгісіз азамат секірмекші болып тұрғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орынына келген тәртіп сақшылары көпірдің шетінде төмендегі темір жолға қарап отырған азаматты көрді. Егер ол байқаусызда бір қадам жасағанда, соңы қайғылы жағдай болатын еді.
– Оқиға кезінде бізге тез шешім қабылдауымызға тура келді, сондықтанда біз жылдам іске кірістік. Қызметтік көлігімізбен азаматтың жанына келіп, тез арада оны көпірдің қоршауынан шығарып алдық,-деді взвод командирі Ержігіт Серіков.
21 жастағы азаматты полиция қызметкерлері полиция бөліміне жеткізіп, оған психологиялық көмек көрсетілді. Ол бұндай қадамға өзінің жүріп жүрген қызымен ұрсысып қалғандықтан барғанын айтты.