Жамбыл облысында полицейлер пойызда жасырынуға тырысқан борышкерді ұстады
Жамбыл облысында полицейлер пойызда жасырынуға тырысқан борышкерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының көші-қон қызметіне жеке сот орындаушысынан қашып жүрген борышкерге іздеу жариялау туралы материал келіп түскен. Ол Тараз қаласының 38 жастағы тұрғыны, ұзақ уақыт бойы мемлекет алдындағы 2,3 млн теңгеден астам қарызды өтеуден жалтарып жүрген.
Оның орналасқан жерін іздеу бастамасы өз нәтижесін бермегендіктен жеке сот орындаушылары полициядан көмек сұраған.
Көші-қон қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізу барысында ер адамның тіркелген мекенжайын тексерген, алайда ол жерде болмаған. Қомақты қарызды төлеуден әдейі жалтарып, телефон қоңырауларына жауап бермей жүрген.
Полиция сатып алынған пойыз билеті бойынша борышкерді тауып, сот орындаушысына тапсырды.
Қазіргі уақытта ер адам қарыздың барлық сомасын төлеп үлгерді.