Көлік сақшылары полицей әйелдерді төл мерекелерімен құттықтады
Көлік сақшылары полицей әйелдерді төл мерекелерімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған дәстүрлі мерекелік іс-шара өткізді. Осыған орай “Жастар” театрының үлкен залында басшылық пен жеке құрам жиналып, салтанатты жиынның қадірлі қонақтары саналған ішкі істер органдарының ардагер-әйелдерін, сондай-ақ погондағы арулар мен БАҚ өкілдерін құттықтады.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов полицей әйелдердің ішкі істер органдарының бүгінгідей қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқандарын атап өтті.
– Сіздер үйде бала тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы атансаңыздар, қызметте ер азаматтармен қатар иық тірестіре жүріп қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысып келесіздер, – деді Мадияр Айтуғанов.
Сонымен бірге полиция полковнигі салада ұзақ жыл еңбек еткен ІІО-ның ардагер-әйелдеріне де айрықша алғыс айтты. Ол нәзік жанды әріптестеріне мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық бақыт пен толағай табыстар тіледі.
Салтанатты шараға қатысқан барлық әйелдерге гүл шоқтары таратылды. Сонымен қатар департамент пен оның желілік бөліністерінде қызметімен ерекшеленген қыз-келіншектерге ІІМ мен КПД-нің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды.
Үздік қызметкерлердің арасында – тергеу басқармасының аға тергеушісі – Әлия Құсайынова да бар. Ол ішкі істер саласында 2006 жылдан бері еңбек етеді. Осы жылдар аралығында өз ісін жетік меңгерген қызметкер “ІІМ-нің үздігі” белгісімен және “I-ші и IІ-ші дәрежелі” медальдарымен марапатталған. Әлия 4 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.
Марапатқа ие болғандардың енді бірі – Мария Шәутенова. Ол Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінде 25 жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Әріптестері алдында зор беделге ие. Марияның ұлты – орыс. Қазақ отбасына келін болып түскен ол бүгінде Ислама және Даниел деген екі ұлдың анасы. Жолдасы Серік те полиция қызметкері.
Мерекелі іс-шараның соңы концертке ұласты.
Айта кету керек, қазіргі уақытта көліктегі ПД аппараты мен оның желілік бөліністерінде 250-ге жуық әйелдер бар. Олардың көпшілігі ІІО-да 5-25 жыл уақыт бойына қылмыстық іздестіру, тергеу, жедел-криминалистика, штаб және кадр бөлімдерінде қызмет өткеріп жүр.