Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорданың бас полицейі халық алдында есеп берді

Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев халыққа есеп беру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордалық полиция басшысы бұл департаменттің жаңа ғимаратында өткізіліп отырған алғашқы кездесу екендігін және мұндай іс-шаралар қоғамды толғандыратын мәселелерді білуге мүмкіндік беретінін және бірде-бір мәселе қараусыз қалмайтынын атап өтті.

Елорда тұрғындарының көкейінде жүрген сұрақтарын тікелей қойып, арыз-шағымдары мен ұсыныстарын айтуға мүмкіндіктері болды. Ведомство басшысы полиция департаментінің өткен жылдағы жұмысының нәтижелері туралы мәлімет беріп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты проблемалық мәселелер мен ұсыныстарды қарады. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыстардың шамалы өскенін, сондай-ақ қабылданған шаралардың арқасында ұрлау, тонау, көлікті айдап әкету, бұзақылық фактілерінің саны азайғанын айтты. Көшелерде, отбасылық-тұрмыстық салада қылмыстар азайғанын, барлық кісі өлтіру, зорлау, тонау, көлікті айдап әкету, вандализм, қалта ұрлығы фактілерінің ашылғанын атап өтті.

Қылмыстарды тіркеудің төмендеуіне көшелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралардың күшейтілгені, оның ішінде бейнебақылау жүйелерін жетілдіру шаралары ықпал еткен. Оның көмегімен үш мыңнан астам қылмыс ашылып, жиырма сегіз мыңға жуық бұзушылық анықталған.

Департамент басшысы басты бағыттардың бірі есірткі бизнесімен барынша күрес болып табылатынын атап өтті. Соңғы екі жылда елордада жасырын түрде синтетикалық есірткіні дайындаумен айналысатын 7 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды, 200-ге жуық жарнама жасау алаңдары жойылды. Заңсыз айналымнан 350 келі болатын түрлі есірткі заттары, оның ішінде 50-ден астам синтетикалық есірткі алынды.

ПД бастығы интернет-алаяқтық мәселесі өте өзекті проблема болып отырғандығын және негізгі себептердің бірі тұрғындардың цифрлық сауаттылығының төмендігі болып табылатынын айтты. Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы 233 адам және 4 топ ұсталып, құқыққа қайшы келетін 210 интернат-ресурс бұғаттауға жолданған, 85-і бұғатталған.

Марат Төлебаев оқу мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін, мемлекеттік мекемелердің, балабақшалардың және колледждердің бейнекамералары мен дабыл батырмалары 100% ЖБО-ға қосылғанын атап өтті.

– Өткен жылдың шілде айынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық күшейтілді. Жанжалқорды жәбірленушінің арызынсыз жауаптылыққа тартуға, сонымен қатар тараптардың қайта татуласуын болдырмауға мүмкіндік беретін тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің өтініш берушіден айқындау сипатына көшуі жүзеге асырылды. Елордалық полицейлер ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және «мүлдем төзбеу» атмосферасын қалыптастыру бойынша жұмыстарды да назардан тыс қалдырмайды. Бір жылдың ішінде бір миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылық, 18 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактілері анықталды, – дейді Марат Төлебаев. 

Полицейлік ведомствоның басшысы жол жағдайына жеке тоқталып өтті. Осы жылдың ақпан айынан бері қала жолдарында «Erkin Patrol» мобильді аппараттық-программалық кешенімен жабдықталған экипаж патрульдейді. Ол автокөліктердің жылдамдық режимін бұзу фактісін тіркейді. 360 градусты панорамалық бақылау арқылы іздеуде жүрген көлік құралын анықтайды. Бүгінгі күні оның көмегімен 3 501 ЖҚЕ бұзушылық анықталған. Сонымен қатар жылдың басынан бері жүргізушілердің полицияны және сақтандыру компаниясын шақырмастан ЖКО-ны «Еурохаттама» бойынша онлайн тіркей алу мүмкіндігі пайда болды. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан ЖКО-да 19,8 %-ға, жарақат алғандар 20,9 %-ға, қайтыс болғандар 25%-ға өскен.

Департамент бастығы сөзін аяқтай келе азаматтардың барлық қойған сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, жауап берді. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми парақшаға келіп түскен сауалдарға да жауап берді.

Қала маңындағы тұрғындарды жол қауіпсіздігі, байнебақылау камералары мен қосымша бағдаршамдар орнату, тыныштықты бұзу, сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларының жетіспеушілігі мәселесіне қатысты сұрақтар толғандырды. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларының жұмысына қатысты өз алғыстарын айтқан тұрғындар да аз болмады.

Марат Төлебаев қала тұрғынына белсенді қатысқандары үшін алғыс айтып, барлық сұрақтарға толыққанды жауап берілетінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру