Биыл Талдықорғанда жол жүру ережесінің бұзылуына қатысты 8 мыңға жуық факті тіркелді
Талдықорғандық тәртіп сақшылары жыл басынан бері 8 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған полицейлері өткен демалыс күндері жол жүру ережелерін бұзудың алдын алуға, сондай-ақ облыс орталығының жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар өткізді.
Іс-шара шеңберінде жаяу жүргіншілердің жолдан өту ережесін, жүргізушілердің автокөлік құралдарын қою ережелерін, автомобильдерді, оның ішінде мотоциклдерді пайдалану ережелерін сақтауын қадағалау күшейтілді.
– Патрульдеу барысында әсіресе жаяу жүргіншілердің жолдың белгіленбеген жерлерінде жиі өтетін көше учаскелеріне баса аударылды. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жол жүру ережелерін орындамағаны үшін 1628 әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік құралдарын қою ережелерін бұзу мәселесін де атап өту қажет. Жыл басынан бері 668 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірінші тоқсанда облыс орталығының полицейлері 8 283 құқық бұзушылықты анықтады, – деді Талдықорған ҚПБ бастығы Ернар Ширбаев.
Сонымен қатар, мас күйде көлік жүргізетін жүргізушілерді анықтау жұмыстары жандандырылды. Жыл басынан бері көлікті мас күйінде басқарған 37 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Сіздер жүргізуші немесе жаяу жүргінші болсаңыз да, жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске саламын. Құрметті жүргізушілер, жолда өте абай болыңыздар. Жылдамдық режимін сақтаңыз, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жанында, әсіресе балалардың жол бойына шығу ықтималдығы жоғары оқу орындарының жанында жылдамдықты төмендетіңіз. Есіңізде болсын жолдағы мінез-құлқыңызға тек өзіңіздің ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да қауіпсіздігі байланысты. Құрметті жаяу жүргіншілер, өз өміріңізге қауіп төндірудің қажеті жоқ. Жолдан өткен кезде мұқият болыңыз, телефондарыңыз бен гаджеттеріңізге назар аудармаңыз. Жолдан тек бағдаршаммен, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелімен ғана өтіңіз. Жол қозғалысы ережелерін елемей, сіз өзіңізге ғана емес, сондай-ақ жауапкершілікке тартылатын жүргізушіге де қауіп төндіретініңізді ұмытпаңыз, – деді Е.Ширбаев.