Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында ұрлық саны 25,7 %-ға төмендеген

Жетісу облысында ұрлық саны 25,7 %-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысының криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Серік Демейов өңірде тіркелген ұрлықтардың саны 25,7%-ға төмендегенін айтты.

– Мүлікке қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрестің маңызды бағыттарының бірі  – ұрлықтың алдын алу, жолын кесу және ашу. Егер өткен жылдың осы кезеңінде 339 бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі тіркелсе, осы жылдың басынан бастап 252 дерек тіркелген. Оның ішінде 86 пәтер ұрлығы, 61 телефон және 10 автокөлік ұрлығы бар. Бұл ретте ауыр санаттағы ұрлықтардың саны 128-ден 58-ге дейін төмендеді. Ағымдағы жылы облыс жедел уәкілдері 157 адам мен екі қылмыстық топты ұстады, – деп атап өтті С. Демейов.

Спикер бөтеннің мүлкін ұрлаудан басқа, мал ұрлығының ашылуы 5,3%-ға жақсарғанына назар аударды. Жыл басынан бері барлығы 17 мал ұрысы ұсталды.

– Біздің талдауымызға сәйкес, мал ұрлығының жартысынан көбі қожайындардың өз малдарына деген немқұрайлылығынан болады. Көбіне ұрлық қорғалмаған және техникалық жағынан қамтамасыз етілмеген малды ұстау орындарынан, сондай-ақ бақылаусыз мал жаю кезінде жасалады. Мал ұрлығының ашылуына кедергі жасайтын факторлардың бірі ол – мал жоғалғаннан кейін көпшілігі жануарларды өз күшімен іздеуге тырысады. Таба алмай уақытын босқа кетіріп алған мал иелері полицияға кеш арызданады. Мұндай жағдайларда қылмысты ізін суытпай ашу мүмкіндігі бірнеше есе төмендейді, – дейді Серік Демейов.

Осы орайда полиция қаржылық шығындарды қажет етпейтін бірнеше ережелерді ұстануға кеңес береді. Олар – малды таңбалау, жылқыларға төлқұжат алу, мал қорасын жақсы нығайту, жарықтандыруды орнату және басқа адамдардан малды қорғау үшін мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнату, малды ұзақ уақыт қараусыз қалдырмау, жайылымда ұжымдық мал жаюды ұйымдастыру.

– Егер де малдарыңыз жоғалған жағдайда оқиға туралы «102» арнасына қоңырау шалып полиция қызметкерлеріне дереу хабарлаңыз. Сонымен қатар қылмыстың іздерін – бұзылған жерлерді, қылмыскерлердің аяқ киім іздерін, қылмыс құралдарын, бөтен көліктердің дөңгелектерінің іздерін және т.б. сақтау қажет, – деп түйіндеді С. Демейов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру