Астанада қоғамдық орыннан велосипедтерді қолды қылған азаматтар ұсталды
Астанада қоғамдық орыннан велосипедтерді қолды қылған азаматтар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында велосипед ұрлауға қатысы бар 44 және 48 жастағы екі ер адамды ұстады. Мәселен, Өзбекстан Республикасының азаматы күндізгі уақытта Кенесары көшесіндегі дүкеннің жанында тұрған құны 139 мың теңге тұратын Totem велосипедін көрген. Ойланбастан оны айдап әкетіп, базарға дейін барып сатуға тырысқан. Жедел қызметкерлер ер адамды ұстап, қабылдап-тарату орнына қамады.
Келесі күні елорданың 48 жастағы тұрғыны Брусиловский көшесіндегі үйдің кіреберісінің жанында құны 130 мың теңге болатын велосипедті ұрлап әкеткен. Қазіргі уақытта күдікті ұсталды, заттай дәлелдеме тәркіленді.
Полицейлер қылмыс орындарынан бейнежазбаларды алып, сол бойынша күдіктілерді анықтауға мүмкіндік алған.
Полицейлер азаматтарға ұрланған затты сатып алғаны үшін ҚР ҚК-нің 196-бабы, қылмыстық жолмен көрінеу өндіріп алынған мүлікті сатып алу немесе өткізу бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеді. Баптың санкциясы 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.