Қазақстан полициясында 40-қа жуық ұлт өкілдері қызмет етеді
Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы. Елімізде сенімге селкеу түсіруден бойын аулақ ұстайтын тәртіп сақшыларының арасында өзге ұлт өкілдері де бар. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Polisia.kz редакциясы бейбіт еліміздің тыныштығын күзету жолында тік тұрып қызмет етіп жүрген ұлты басқа болса да, жаны мен тілі қазақ ел қорғандары жайлы ақпарат ұсынады.
Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аң жете алмайтын қазақтың кең-байтақ даласында 130-дан астам ұлт өкілі өмір сүреді. Соның ішінде 40-қа жуық ұлт азаматтары Қазақстан полициясы мен Ұлттық ұланында қызмет етеді. Яғни орыс, украин, татар, ұйғыр, неміс, өзбек және әзірбайжан, шешен ұлттарының өкілдері қызмет жолында ар-намыстың жалауын желбіретіп жүр.
Олай болса, ел жүрегі – елордадан бастайық. Астана қаласы Сарыарқа аудандық ПБ криминалды полиция бөлімінде түрік ұлтының өкілі – Рустам Гасимов қызмет етеді. Шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келген Рустам қазақ мектебінде оқығандықтан, мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Сол кездерден полицей боламын, елге қызмет етемін деп мақсат қойған екен. Бүгінде грек-рим күресінен спорт шебері. Өмірін спортпен тікелей байланыстырған ол музыка әлемінен де алыс емес. Фортепианодан азды-көпті хабары бар екенін жасырмады.
Мереке қарсаңында полиция қызметкері қазақстандықтарға ақ тілегін арнады.
– 1 мамыр – татулық, бірлік күнімен құттықтаймын. Ел іргесі бүтін болсын, әр азамат өзі өмір сүріп жүрген еліне, жеріне адал болса, бірлік те, тірлік те болады, – дейді Рустам Гасимов.
Имран Царцилов: «Қазақ тілі – ұлттық мәртебем»
Имран Царцилов 1986 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Бала кезінен қазақ ұлтының тілінен, дінінен нәр алып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Шешен ұлтының өкілі бойына парасаттылық пен патриоттық сезімін сабақтастыра білген.
Имран Царцилов Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің түлегі. Осы полиция саласына қызығушылығы артқан ол 2008 жылдан бастап иығына шен тағып, алғашқы еңбек жолын Атырау қалалық полиция басқармасында тергеуші қызметінен бастаған. Кейін Атырау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқы қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі лауазымына тағайындалды. Сол жылы ол экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасына жедел уәкіл лауазымына ауысып, қазіргі таңда сол саланың бөлім бастығы. Мемлекеттік тілді ұлттық мәртебесіне балайтын Имран Царцилов Қазақстан халқын бірлік күнімен құттықтап, әр шаңыраққа бітпес шаттық тіледі.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан полициясында әзірбайжан ұлтының да өкілдері бар. Солардың бірі – Рамил Гусейнов. Ол Қостанай облысы полиция департаменті арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы лауазымында қызмет етеді. Полиция подполковнигі Рамилдің ішкі істер органдарында 26 жылдан астам тәжірибесі бар. Отбасында Юсуф және Ясмин есімді бір батыр мен бір ханшайым өсіп келеді.
– 90-жылдары мен қылмыспен күресемін деп шештім. Яғни заңсыз әрекеттерге тосқауыл болуға ден қойып, адамдарға көмек көрсеткім келді. Мұндай шешім қабылдауыма әкемнің достары себеп болды десем де болады. Олар үйге жиі келетін. Олардың формаларын киіп, тәртіп сақшысы болуды армандайтын едім. Сөйтіп, 1998 жылы ҚР ІІМ Ақтөбе заң институтына оқуға түстім. 2000 жылы оқуды аяқтап, бүгінгі күнге дейін елге қызмет етіп келемін. Мен үшін ең маңыздысы – елімнің амандығы, жұртымның тыныштығы. Перзенттерімді де солай тәрбиелеуге тырысамын. Болашақта ұлым да осы жолды таңдайды деп сенемін!, – деп атап өтті Рамил Гусейнов.
Еліміздің солтүстігіне қарай ауыссақ. Бәрімізге бесенеден белгілі, кез келген салада қыздар қауымы өздерінің жауаптылығымен, табандылығымен баршаға үлгі болады. Сондай арулар құқық қорғау саласында да жемісті жұмысымен көпке өнеге. Сөзімізге тұздық болу үшін Петропавл полициясының жас қызметкері, полиция аға лейтенанты Виктория Вьюшкина жайлы азды-көпті айта кетейік.
Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылында өскен аруымыз мектепте озат оқушы болып, алтын медальмен аяқтаған. Қазақ тілін жетік меңгерген ол да полицияда қызмет етуді оқушы кезінен арман еткен. Арманы орындалған Виктория бүгінде учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет етеді. Шенді ару отбасының, әріптестерінің, достарының мақтанышы, көз қуанышы. Антқа адал, сертке берік бұрымды полицейге қызығып, үлгі ететіндердің қатары көп.
Геннадий Вездецкий – «Әлемдегі ең ерекше тіл – қазақ тілі»
Геннадий Вездецкий – қазақ тілінде еш қиналмастан еркін сөйлейді. Ұлты – аралас. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының Ақмола облысы филиалының мүшесі, криминалдық полицияның кіші жедел уәкілі, кіші сержант. Сондай-ақ қазақ күресінен және дзюдодан спорт шебері. Геннадийді сегіз қырлы бір сырлы десек те болады. Жұмыстан тыс уақытта домбыра, гитара тартып, қазақша ән айтқанды ұнатады.
– Қазақ тілін бала кезден үйренгенмін. Оның үстіне қазақ мектебінде оқыдым. Содан кейін Көкшетаудағы колледжге оқуға түстім. Онда да қазақ тобында оқыдым. Мен үшін қазақ тілі – әлемдегі ең ерекші тіл, – дейді полиция қызметкері.
Виталий Соболев – Сыр елінің полициясында қызмет етеді. Қызылорда қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы. Орыс ұлтының өкілі Қазақстанда тұрып жатқан кез келген азамат ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді білуге міндетті деп есептейді.
Қызметтік міндеттерін атқару барысында антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауға зор үлес қосып келе жатқан полиция майорының жеткен жетістіктері де аз емес. Облыс, қала әкімдіктерінен, департамент, басқарма басшылығынан алған марапаттары мен жеткен жетістіктері еңбегінің жемісін айқындайды. Виталий белсенді салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Спорттан өзге, ақпараттық технолияларды жетік меңгерген Виталий жан-жақты. Ұлты орыс болса да, рухы мен жаны қазақ оның еңбегін әріптестері жоғары бағалайды.
«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев жырға қосқан киелі өңірдің полиция сапында да өзге ұлт өкілдері тыныштықтың жаршысы болып жүр.
Соның бірі – Мақтаарал аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы Шохрух Баратов. Ұлты тәжік болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын погон таққан азамат қызмет барысында да, отбасында да қазақ тілінде сөйлейді. Ол – құжаттардың барлығын мемлекеттік тілде жүргізетін білікті маман. ҚР ІІМ Алматы академиясын 2019 жылы аяқтап, өзі туып-өскен Мақтаарал ауданында абыройлы қызмет етіп жүр.
Қазақстан полициясындағы жас қызметкерлердің бірі – Ұлытау облысы ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инженері, полиция аға лейтенанты Шамхат Саврантаев. Ұлты – өзбек. Ол 2018 жылы Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына грантқа оқуға түскен. Содан оқуды ойдағыдай аяқтап, бүгінде Қазақстан полициясында сапалы қызмет етіп келеді.
– Антыма адал болу – басты парызым. Елім үшін кірпік қақпай қызмет ету, керек кезде азаматтардың жанынан табыла алу мен үшін – мақтаныш, жетістіктердің алды, – дейді Шамхат.
Елімізде барлық ұлт өкілдері бір-біріне ерекше құрметпен қарап, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы тұрғыда Қазақстан өзге елдерге үлгі болып отыр. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде отансүйгіш, антқа адал полицейлердің басын біріктіріп, ортақ мүддеге ұйыстырады.