Астанада патрульдік полицейлер пәтерде қатты ұйықтап жатқан баланы балконнан кіріп оятты
Астанада патрульдік полицейлер пәтерде қатты ұйықтап жатқан баланы балкон арқылы кіріп оятты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күндізгі уақытта полицияға Қ.Сәтбаев көшесіндегі үйдің тұрғыны хабарласып, баласы пәтердің есігін ашпай жатқанын айтқан. Баласына алаңдаған ана полициядан көмек сұраған.
Оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері ішінен құлыпталған пәтерде 10 жасар бала бар екенін анықтады.
Пәтерге есік арқылы кіру әрекеттері сәтсіз боғанан кейін полиция қызметкерлері балкон арқылы кіруді жөн көреді. Полиция капитаны Руслан Бүркітбаев дүкеннің шатыршасынан үшінші қабаттың балконына көтеріліп, ішке кірген. Пәтерде ол қатты ұйықтап жатқан баланы көреді. Баланың анасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне көрсеткен көмегі үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Елорда полицейлері ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балалардың қатысуымен күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда бірден шұғыл қызметтердің нөмірлеріне жүгіну қажет және өз бетінше әрекет етуге уақыт жоғалтпау қажеттігін айтты.