Шашын тегін қысқартып, шаштараздың телефонын ұрлап кеткен елордалық ұсталды
Астана қаласының полицейлері шашын тегін қысқартқанымен қоймай, шаштараздың телефонын ұрлап кеткен елорда тұрғынын қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны полицияға арызданып, оның шаштаразынан белгісіз біреу Samsung телефонын ұрлап кеткенін жеткізген.
Тергеу барысында салонға келген ер адам шаштараздан шашын қысқартуды өтініп, бірақ төлеуге ақшасы жоқ екенін айтқан. Оны аяған шебер шашын түзеп, көмегін көрсеткен.
Алайда салоннан шығып бара жатып, қаскүнем үстел үстінде жатқан шаштараздың ұялы телефонын жымқырып үлгерген. Ол ұрланған олжасын кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға сатып, саудалап жіберген.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Сарыарқа ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлыққа қатысты деген күдікпен 54 жастағы ер адамды анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріледі.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды қырағы болып, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.