Алматыда полицейлер шетелдік студенттермен кездесті
Алматыда полицейлер шетелдік студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – шетелдік студенттерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзбауға шақыру.
– Бүгінде Алматыда студенттер қауымы көп және 180 мың адамды құрайды. Олар 36 жоғары оқу орнында білім алып жатыр. 900 студент – шетелдіктер. Студент жастар кез келген қоғамның ең озық және ұйымдасқан бөлігі саналады. Жеке тәртіпті сақтап, оқуға келген елдің заңын бұзбау керектігін ескертемін. Студенттердің құқық бұзушылық жасауының негізгі себептері – қолданыстағы заңнама негіздерін білмеуі, құқықтық мәдениеттің төмен деңгейі, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер, қоғамдық пайдалы еңбекпен айналыспау және бос уақытты жеткіліксіз ұйымдастыру, – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Спикердің айтуынша, оқу жылының басынан бері Алматыда шетелдік студенттер 6 қылмыс жасаған. Осындай кездесулер Алматының Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарындағы жоғары оқу орындарында бір уақытта өтті.
– Біз шетелдік студенттер мен еліміздің қонақтарына Қазақстан Республикасының заңнамасы мен тәртібін сақтауға, елде болған кезде ұлтаралық және руаралық алауыздықты ұмытуға шақырамыз. Өйткені, сіздердің елде тұруларыңыздың басты басымдығы – оқу, білім алу, – деді Аханов.