Ақтөбеде қаза болған қаһарман полицейдің атына ерлік сыныбы ашылды
Ақтөбеде қаза болған қаһарман полицейдің атына ерлік сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2011 жылдың 29 шілдесі Ақтөбе полициясы үшін аса қайғылы күн болды. Себебі дәл осы күні әрдайым алдыңғы шепте жүретін жалынды, батыл, әрі жігерлі полицей Рустем Кенжалин қарулы қылмыстық топты құрықтау операциясы кезінде оққа ұшты. Сол күні Ақтөбе қаласы Қызылжар ауылындағы үйлердің бірінде аса қауіпті діни экстремистік сипаттағы террорлық топпен бетпе-бет келген полиция капитаны Рустем Кенжалин қарулы қылмыскерлер қолынан оқ жарақатын алса да беріспеген. Алайда қаскүнемдер оған қарсы жарғыш затты іске қосқан. Салдарынан 28 жастағы полицей оқиға орнында қаза болды.
Ер есімі – ел есінде. 4 мамырда әріптестері ақырғы демі қалғанша антына адал болған қаһарман полицей Рустем Кенжалиннің оқыған Ақтөбе қаласындағы №1 орта мектепте оның ғибратты ғұмыры мен жанқиярлық ерлігі туралы сыр шертетін ескерткіш кабинетін ашты. Рустем Кенжалин атындағы алғашқы даярлық кабинетінің ашылу салтанатына Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, батырдың отбасы – анасы, жары мен жалғыз қызы қатысты. Сонымен қатар патриоттық рухтағы шараға кадет сыныбының оқушылары мен бастауыш сынып оқушылары келді.
– Бүгін біз үшін ерекше күн, себебі ел үшін жанын қиған бейбіт күннің батыры Рустем Болатұлының алтын ұя мектебінде ескерткіш кабинетін ашып отырмыз. Батыр әріптесіміздің ерлігі – барлығымызға үлгі, әрі мақтаныш, оның есімі әрдайым жүрегімізде. Ерекше толқыныста болған анасына «Нағыз батыр ұлды тәрбиелеген Сізге мың алғысымызды білдіреміз. Сіздер жалғыз емессіздер. Барлық полиция қызметкерлері сіздермен бірге, сіздерді қолдауға әрдайым дайын. Ақтөбе жері қашан да батыр ұлдар мен қыздарды тәрбиелеген киелі мекен. Батыр әкесінің құрметіне арналған шараға қатысып отырған Кәусар қызымыз да – нағыз өр рухты, батыр бала болатынына күмәніміз жоқ, – деді ПД бастығы Абай Жусупов.
Батыр ұл құрметіне алғашқы даярлық кабинетінің ашылу салтанатына арнайы келген Рустемнің анасы Қадиша Айтқұлова да ыстық ықыласын білдірді.
– Қызметке кеткен баламның қайтып оралмай, қаза болғанына 13 жыл өтсе де, баламды ойламаған бірде-бір күнім болған емес. Әрбір таң атқанда, кеш батқанда да жан-жүрегім елжіреп еске аламын. Рустемді ұмытпай, бізді шақырып, құрметтеп жатқандарыңызға өте ризамыз. Болашақта еш жамандық болмасын, ғұмырларыңыз ұзақ болсын, балаларымыз бақытты болсын, ешбір ана мен бала жыламасын деп тілеймін, – деп толқыныспен көзіне жас алды.