Алматы облысында полицейлер жол жиегімен жүретін жүргізушілермен күресіп жатыр
Алматы облысында полицейлер жол жиегімен жүретін жүргізушілермен күресіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық департаменттің бастамасымен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер өңірдің автоблогерлерімен бірлесіп жол жиегімен жүретін және қарсы қозғалыс жолағына шығып жүретін жүргізушілерді анықтау бойынша арнайы жұмыс жүргізді.
Алматы облысының полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кезекті жұмыстарды жүргізуде. Аталған іс-шара автокөлік құралдарының ағынына байланысты жол қозғалысы қиындаған Талғар, Іле және Қарасай аудандарында жүргізіліп жатыр.
– Департаменттің ведомстволық парақшасына жол жиегі арқылы кептелістерді айналып өтетін және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығатын жүргізушілер туралы шағымдар жиі түседі. Осы сұрақтарды пысықтау мақсатында патрульдік полиция жасақтары автоблогерлермен бірлесіп, осындай құқық бұзушыларға қатысты мақсатты профилактикалық, сондай-ақ пәрменді шаралар жүргізуде. Себебі, мұндай жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдары ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, – деді Алматы облысы ПД ППБ командирі Дархан Байшоинов.
Жыл басынан бері көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзғаны үшін 518 хаттама толтырылды.