Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысын тергейтін тергеушілерге арналған семинар өткізілді
Алматы полициясында тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысын тергейтін тергеушілерге арналған семинар өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардан құралған фокус-топтың жұмысы әйелдер мен кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстармен күресу шаралары талқыланған жиыннан басталды. Алматы қалалық ПД мен «Право» қоғамдық қоры арасында өткен жұмыс кездесуі аясында, әйелдер мен кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтарына қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеудің сапасын арттыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
– Мемлекет басшысы жыл сайын тиімді шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударады. Агрессия мен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатал түрде жолын кесу қажет: осы санаттағы қылмыстар үшін жазаны қатайту бойынша кезең-кезеңімен шаралар қабылданды. Сонымен қатар 2021 жылы ішкі істер министрінің бұйрығымен барлық полиция департаментінде тұрақты тергеу-жедел топтары құрылғанын, олардың құрамына тергеуші әйелдер, сондай-ақ ювеналды полиция және әйелдерді қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері, жедел-криминалистикалық және криминалдық полиция қызметкерлері кіргенін айта кеткен жөн, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Шәрібаев.
Сондай-ақ спикер Оңтүстік Корея тәжірибесіне сүйене отырып, республикада жұмыс істейтін дағдарыс орталықтарында пилоттық режимде жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек (медициналық, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық) көрсетіліп жатқанын айтты.
– Оларда зорлық-зомбылық құрбандары үшін қажетті қолайлылық, жайлылық жасалған, психологтардың жәбірленушілермен жұмысы ұйымдастырылған, тергеуші әйелдерге тергеу әрекеттерін жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл жобаны жүзеге асыру, жалпы, құқық қорғаушылардан, азаматтық қоғам өкілдерінен, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарынан оң пікірлер алды. Бүгінгі таңда 64 ұқсас орталықта тергеу әрекеттерін жүргізу туралы меморандумдар жасалды, – деді Шәрібаев.
Семинар соңында тергеуші әйелдерге, құқық қорғаушыларға, тәжірибелі психологтарға, сот медицинасы және молекулярлық-генетикалық зерттеулер саласындағы сарапшыларға және ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшыларына арналған семинар-тренинг өтті.