Түркістан облысында полиция жер қойнауын заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобын ұстады
Түркістан облысында полиция жер қойнауын заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер Шардара мен Жетісай ауданында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, жер қойнауын заңсыз өндірумен, атыс қаруын сақтаумен және жеңгетайлықпен айналысқан адамдар тобын анықтады.
Нақтырақ айтсақ, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп, күдікті 9 адамды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушысы, бұрын сотталған жергілікті тұрғынды ұстады.
Жедел уәкілдер тінту барысында, олардан 1 жүк тиегіш көлік, 7 жүк көлігін, 2 аңшылық мылтық, патрондар және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Бұдан басқа полицейлер Шардара қаласындағы іс-шаралар барысында, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру фактісін анықтады.
Жедел уәкілдер притонның 2 әкімшісін, Қазақстанның 4 азаматын ұстады. Сондай-ақ ақшалай қаражат пен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.