БҚО полиция департаменті аудандық кітапханаға 100 кітап тарту етті
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті аудандық кітапханаға 100 кітап тарту етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды оқуға деген сүйіспеншілікке баулу қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігімен «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» әлеуметтік акциясы ұйымдастырылып, көптеген мемлекеттік ұйымдардың қолдауын тапты.
Осы орайда Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті Сырым ауданы Жымпиты кентінің аудандық кітапханасына 100 дана кітап табыстауды ұйғарды.
М. Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қоры 335 мың кітапты құрайды екен.
– Бүгін біз аталған әлеуметтік акцияға өз үлесімізді қосып отырмыз. «Алаш» тарихымен тікелей байланысты бұл елдімекен еліміздің жарқын болашағына өз үлестерін қосқан тарихи тұлғалардың шоғырланған қасиетті де тағылымға толы жер. Құрметті аудан басшылығы, кітапхана қызметкерлері! Жаңа тапсырылып отырған әр түрлі жанрдағы кітаптар өздерінің оқырмандарын табатынына сенімдіміз. Жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын, – деп атап өтті полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
Осынау игі істері үшін аудан әкімі Ж.Батырниязов департамент бастығына ризашылығын білдіріп, алғыс хат тарту етті.
Іс-шара соңында жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды, “Алаш орда” музейімен танысты.