Павлодар облысында полицейлер заңсыз сатылған алкогольді жойды
Павлодар облысында құқық қорғаушылар заңсыз сатылған алкогольді жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласының сот қаулысы бойынша құқық қорғаушылар сыйымдылығы әртүрлі 1 186 бөтелке мен банкадағы алкоголь өнімін жойды. Тәркіленген өнім ауыр техниканың көмегімен сындыру арқылы жойылды. Жою жұмыстары қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өткізілді.
– Дүкен иесі түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сату туралы заңмен тыйым салынған талаптарды орындамаған. Мұндай құқық бұзушылық үшін дүкен иесі үш рет жауапқа тартылып, лицензиясы тоқтатылып, айыппұл салынған. Осыған қарамастан ол тыйым салынған уақытта алкогольді сатуды жалғастырды. Қазақстан Республикасының Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін дүкен иесі лицензиядан айырылды, – дейді Павлодар облысы Ақсу қаласы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қайрат Жұмағұлов.