СҚО-да полицейлер мен ұстаздар түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талқылады
СҚО-да полицейлер мен ұстаздар түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстанда мектеп бітіру шараларының қарсаңында полицейлер оқу орындары мен облыс әкімдігінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Әңгіме тақырыбы 12-15 маусым аралығында өтетін мектеп бітіру кештерінде құқыққа қайшы әрекеттер мен жазатайым оқиғаларға жол бермеу болды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов іс-шаралардың бейресми бөлігіне қатыспай-ақ, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, іс-шаралар өткізілетін жерлерге жақын орналасатынын атап өтті.
Олардың міндеті – білім беру жүйесінің өкілдерімен тығыз байланыста болуы арқылы түлектердің су қоймаларына, табиғатқа шығуын, от жағуын және тағы да басқа мүмкін қауіпті әрекеттердің алдын алу.
Бейнеконференция байланысы арқылы қосылған аумақтық полиция бөлімдерінің басшыларына жағдайды жеке бақылауына алу тапсырылды. Сондай-ақ балалардың жазғы демалысы мен жаз мезгілінде жұмыспен қамтылу қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Облыста қала сыртындағы 12 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Әрқайсысына учаскелік полиция инспекторы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор бекітілген. Жазғы лагерьлердің маңында тұратын полиция есебінде тұрған адамдармен профилактикалық жұмыс күшейтілді.
Бүгінгі таңда полиция есебінде – 42, мектеп ішіндегі есепте 592 кәмелетке толмаған бала тұр. Тәртіп сақшылары мен ұстаздар демалыс кезінде осы жасөспірімдердің әрқайсысымен профилактикалық жұмыс желісі бойынша өзара тығыз іс-қимыл жасауға келісті.
Сонымен қатар полицейлер есірткіге қарсы айлықтың өткізілуі, интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары, балалар мен жасөспірімдер арасында танымал ойын-сауық орталықтарының терроризмге қарсы қорғалуын тексеру туралы ақпараттандырды.
– Балалар қауіпсіздігі – қазақстандық қоғамның басты басымдықтарының бірі. Тек күш-жігерді біріктіріп, ата-аналар жұртшылығын жұмылдыру арқылы ғана біз туындаған барлық мәселелерді тиімді шеше аламыз, – деп атап өтті Құрманғали Исмағұлов.