Қызылорда облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша жиын өтті
Бүгін Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абдрамановтың төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ауқымды жиын өтті. № 101 мектептің мәжіліс залында өткен жиынға мүдделі қызметтер, облыстық білім басқармасының қызметкерлері, мектеп директорлары және полиция қызметкерлері қатысты.
Жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалған қылмыстар қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша өңірімізде тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Білім беру мекемесінің қауіпсіздігі – бұл білім беру мекемесінің жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асыратын іс-шараларының жиынтығы. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды бағыттардың бірі. Осы бағытта жұмыс жасауымыз керек. Облыс орталығында 71 жалпы білім беру мекемесі бар, олардың 68-і бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, жеке күзет ұйымдарының күзет қызметімен 58 мектеп қамтылса, 23 мектептің дабыл тетіктері полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Әрине, мектептерде камералардың болуы құқық бұзушылықтың алдын алуға оң әсерін тигізеді, ал олардың ПД ЖБО-ға қосылуы заңсыз сипаттағы түрлі көріністерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді, – деді Қызылорда облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абдраманов.
Полиция полковнигі Е.Абдраманов оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін іс-шаралар кезінде жас түлектердің беймезгіл уақытта жүрмеуі, кортежге шықпауы, отырыстар жасамауы, белгіленбеген жерлерге суға түспеулері бойынша ата-аналар жиналыстарында хаттамалау арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Балалардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе ювеналды полиция қызметкері кезекшілікке бөлініп, қызмет атқарады. Жасөспірімдердің көптеп шоғырланатын орындарда, қалалық демалыс паркінде олардың кешкі серуендеуі кезінде қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қызметкерлер бөлініп, ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.