Антон Бытебаев: «Әкемнің жолын қуып, полицияға келдім»
Ішкі істер органдарында екі және одан да көп ұрпақ қызмет ететін отбасыларда патриотизм, ар-намыс, қызметтік борыш сияқты ұғымдар жай ғана сөз емес. Мұндай әулетте қызметке деген құрмет, міндетке адалдық, мамандықтың беделі бала кезінен қалыптасады.
Осындай отбасылардың бірі Бытебаевтар әулеті туралы Polisia.kz сайты әңгімелеп береді.
Екінші буын полиция қызметкері Антон Бытебаев – Бесқарағай аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік инспекторы. Ол өмірлік жолын әкесінің ізін қуа отырып таңдады. Антонның әкесі Амангелді Бытебаев 33 жыл ішкі істер органдарында қызмет етіп, Бесқарағай ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы лауазымында еңбек демалысына шықты.
– Менің әкем Амангелді Бытебаев әскерде қызмет етіп, полицияға баруға шешім қабылдаған. Ол Семей қаласы ІІБ Бесқарағай ауданы Ішкі істер бөлімінің Қоянбай бақылау-өткізу пунктінде қылмыстық іздестіру қызметінің кіші жедел уәкілі болып бастаған. Әкем – сөз адамы. Әдемі және сұңғақ жан мен үшін үлгі болды және солай болып қала береді. Мен Павлодар мемлекеттік университетіне «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығы бойынша оқуға түстім. Университетті бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу уақыты келді, алайда менің басқа саламен жүруге деген ниетім де болмады. Менің алдымда әке деген керемет үлгі тұрды, – дейді Антон мақтанышпен.
Антон отбасылық кәсіпті жалғастыра жүріп, күн сайын қызметтің барлық ауыртпалықтарын сезінедң. Жас офицердің бойына әкесінен әділеттілік қасиеті сіңген және таңдаған жолына бір сәтте өкінген емес.
– Отбасы – бұл кез-келген адамның, соның ішінде полицейдің өміріндегі басты қолдау. Мен полиция қызметкерінің отбасында өстім, менің көз алдымда анам әрқашан әкеме өзінің оң көзқарасымен, қолдауымен, мейірімділігімен қиын жолда көмегін тигізе білді. Мен өзім әлі отбасын құрмасам да, менің де болашақ отбасымда дәл осындай жағдай болады деп үміттенемін, – дейді полицей.