Көршісінің алтындарын ұрлаған түркістандық қолға түсті
Түркістан облысында көршісінің алтын бұйымдарын ұрлап, 2,5 миллион теңгеге жуық шығын келтірген күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай полицейлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, ұрлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады.
Күдікті әйел күндізгі уақытта көршісінің үйіне қарызға ақша сұрауға барған. Алайда есігі құлыптанбаған үй иесінің жоқтығын байқап, жатын бөлмесіндегі шкаф сөресінде тұрған бірнеше алтын бұйымдарын жымқырып кеткен.
Жәбірленушіге 2,5 миллион теңге жуық шығын келтірген. Содан соң ұрланған алтындарды өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, істің мән-жайы анықталып жатыр.