Батысқазақстандық полицейлер Мемлекет басшысының қолынан “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды
Батысқазақстандық полицейлер Мемлекет басшысының қолынан “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын салтанатты түрде марапаттады.
Мемлекет басшысының қолынан “Ерлігі үшін” медалімен БҚО полиция департаментінің қызметкерлері Бақытжан Сатыбалдин және Фархат Сейлев марапатталды.
Мемлекет басшысы су тасқыны бұл елімізде бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екендігін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.
– Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды, – деді Мемлекет басшысы.
БҚО ПД Орал қалалық ПБ ППБ саптық бөлінісінің аға қызмет инспекторы Бақытжан Сатыбалдин ішкі істер органдарында 2011 жылғы мамыр айынан бері қызмет атқарады.
2024 жылғы 21 сәуір күні полиция капитаны Орал қаласының маңындағы 2 саяжай мекенінде қызмет атқару барысында, аталған қызметкерге сол саяжайдың төрайымы келіп, су басқан тұрғын үйде кәмелетке толмаған 2 бүлдіршін қыз баланың бар екенін хабарлайды. Сол мезетте суға бату қауіптілігіне қарамастан, патрульдік квадроциклмен көрсетілген тұрғын үйге дереу жетіп, қыздарды аман-есен алып шығады.
Ал БҚО ПД Орал алалық ПБ жедел криминалистикалық бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Фархат Сейлев ішкі істер органдарында 2006 жылғы қыркүйек айынан бері қызмет атқарады.
2024 жылдың 13 сәуірінде саяжайда су басқан аумақта патрульдік кызмет атқару кезінде өз үйінде денсаулық жағдайына байланысты өз бетінше эвакуциялануға мүмкіндігі болмаған әйелді байқайды. Бірден көмекке келген полиция қызметкері әйелді қауіпсіз аймаққа шығарып, алғашқы көмек керсетіп, дәрігерлердің қарауына тапсырады
Полиция қызметкерлерінің жедел шешім қабылдап, тез қимылдағанының, берген антына адал болып және көзсіз ерлікке баруының арқасында бірнеше адамның өмірін аман алып қалды.