Ақтөбелік полицей “Ерлігі үшін” медалімен наградталды
Ел Президенті ақтөбелік полицейді “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын салтанатты түрде марапаттады.
Мемлекет басшысының қолынан “Ерлігі үшін” медалімен Айтекеби ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Даркан Кемелтаев марапатталды.
– Алапат су тасқындап келіп қалғанда, отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
29 наурызда Ырғыз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты аудандағы Талдысай ауылында үйлерді су басу қаупі туындаған. Даркан күндіз үйлерді жеке аралап ескертіп, тұрғындарды эвакуациялық пункттерге жеткізген.
Алайда кейбір ауыл тұрғындары үйлерін тастап кетуден бас тартып, қауіпті аумақтарда қала берген. Олардың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдаған учаскелік инспектор Даркан Кемелтаев таңға дейін ауылда күзетте болған. Келесі күні таңғы 4 шамасында су күрт көтеріліп, үйлерге кіре бастаған. Қалың мұзды сең мен судың салдарынан ауылда жарық та өшкен.
Кірер көшелер қалың сеңді су астында қалғаннан кейін Даркан артқы қоршаулардан секіріп өтіп жүріп, үйлерінде ұйықтап жатқан адамдарды, барлығын оятып, үйден шыға алмай қалғандарды жол бастап сулы аймақтардан алып шығуға кіріскен. Салқын суға ойланбастан етігімен қойып кеткен ол таңға дейін жүгіріп жүріп, тұрғындарды қауіпті аймақтардан алып шығып, көлігімен аман-сау эвакуациялық пункттерге жеткізген.
Айтекеби ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Даркан Кемелтаев ішкі істер органдарында 2013 жылғы тамыз айынан бері қызмет атқарады.