Талдықорғанда “Есірткісіз қала” акциясы өткізілді
Талдықорғанда “Есірткісіз қала” акциясы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 маусым күні сағат 20:00-де Талдықорған қаласында Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай “Талдықорған – есірткісіз қала” ұранымен кең ауқымды акция өткізілді.
Акцияның ашылуы есірткіге қарсы іс-шараларға белсенді қатысушыларды марапаттау рәсімінен басталды. Үкіметтік емес ұйым өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен наркологиялық ұйым басшылары аталды.
Нашақорлық мәселесін жариялауға елеулі үлес қосқан журналистерге ерекше назар аударылды. Журналистер арасындағы байқау жеңімпаздары үздік мақалалар, сюжеттер мен посттар үшін ақшалай сыйлықтарға ие болды.
– “Үздік сюжет” номинациясында Мұрат Жұмабай, екінші орынды Елдана Сәрсенбаева, үшінші орынды Карина Закриева жеңіп алды. Үздік пост үшін Татьяна Демидова марапатталды, екінші орынды Нұрбол Қанағат, үшінші орынды Ардагүл Әскербек иеленді, – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Мадияр Омаров.
Акция аясында қала мен облыстан шақырылған әртістердің, сондай-ақ Талдықорған спорт клубтарының тәрбиеленушілерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Жетісу облысы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс пен қылмыскерлерді ұстау элементтерімен шоу көрсетті. Облыстық ПД кинологиялық қызмет орталығының кинолог-инспекторлары қызметтік-іздестіру иттерімен көрме қойылымдарын өткізіп, олардың заттарды, жарылғыш құрылғыларды іздеу және қылмыскерлерді ұстау дағдыларын көрсетті.
Іс-шара қаланың көптеген тұрғыны мен қонақтарын жинап, нашақорлықпен күресудің маңыздылығын атап өтті және салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігіне назар аударды.