Түркістанда қоғамдық көлікте интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жүргізілді
Түркістанда қоғамдық көлікте интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өмірімізді телефон мен ғаламторсыз елестету қиын. Азық-түлікке тапсырыс беру, төлемдерді төлеу, киім сатып алу және тағы басқаларды үйден шықпай-ақ жасауға болады. Осындай жағдайда интернеттегі алаяқтықтан зардап шеккен азаматтар полицияға жиі жүгінеді. Сондықтан интернет ресурстар арқылы алаяқтықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінің мамандары облыс көлемінде профилактикалық шаралар жүргізді.
Шара барысында 52 қоғамдық автокөлікке ескертпе жазбалары ілінді, кинотеатрларда әрбір бейнефильм алдында ескертпе бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар сауда орталықтарындағы Led экрандарда бейнероликтер жарияланып, облыс аумағында 42 билборд ілінді.
Қазіргі таңда полицейлер халық көп шоғырланатын орындарда, қоғамдық көліктерде осы бағытта профилактикалық шараларды жалғастырып жатыр.